«Көк ұлға, қызғылт қызға»: Әлем неге қызғылт және көк деп бөлінді?

Бұған хомофобияның қандай қатысы бар?




Қазір жұрт балама қандай түсті киім, ойыншық не басқа зат алып берем дегенде бірден оның жынысына қарайды. Ұл болса негізінен көк түс, қыз болса, қызғылт болады. 

 

Бірақ мұндай үрдіс қайдан және қашан шықты? Неге әлем қызғылт және көк деп бөлінді? Тарихқа үңілейік.  

 

Мұндай практика нақты не себепті пайда болғаны туралы әртүрлі пікір бар. Ғалымдар бұған бір емес, бірнеше фактор әсер еткен дейді. 

 

Бірақ зерттеушілердің көбі балаларды түске қарап ажырату жұрттың санасына соғыстан кейін 1940-80 жылдары мықтап сіңіп кеткен деген пікірде: киім-кешек сататын дүкендер клиентім көп болсын деп балалар киімін түстерге бөле бастады. Бұған көбіне теңізшілердің формасы қатты әсер еткен. Ұлым нағыз ер болсын деп ата-аналар көк түске мән бере бастады, ал қызғылт түс нәзіктік, биязылық символына айналды. Сол себепті де қыздарға таңдалды.  

Қызғылт түстің қыз баланың, әйелдер қауымның түсіне айналғанына Нацистік  Германиядағы хомофобия түрткі болған деген де пікір бар. 

Концлагерьге еврейлер ғана емес, гейлер мен басқа да азшылықтар қамалды. Нацистер хомосексуалдарды өзгелерден ажырату үшін оларға қызғылт үшбұрышты белгі таққан. Сексизм мен хомофобияның түбі бір екенін ескерсек, “Қызғылт қыздікі” деген стереотип осыдан шықса керек. Бірақ “Қызғылт және көк” кітабының авторы Жо Паолетти керісінше ойлайды. Оның ойынша, қызғылт нәзіктік түсіне айналғандықтан гитлершілер бұл түсті “айыбын” бетіне басу үшін гейлерге таққан. 

 

«Көк ұлға, қызғылт қызға» ХХ ғасырда пайда болса, оған дейін не болды? 

 

ХІХ-ХХ ғасырға дейін балалардың киімі негізі ақ не сарғыш түсті болған, себебі ондай түстен кір тез кететін. 

 

Бір қызығы, ХХ ғасырдың басында ұл баланың түсі керісінше қызғылт, ал қыз баланікі көк болды. Қызыл маскулиндіктің символы деп ұл балаға қызғылт киім кигізді. Ал көк, аспан көк пәктіктің белгісі болды. Бұл жерде діни фактор да жоқ емес. Иса пайғамбардың шешесі Мәриям көптеген суретте көк түсті киім киіп тұрады. 

 

Ал қазақ танымында бұл қалай болды? 

 

Бұл тенденция қазақтарды айналып өтпеді. Бізде де жұрт көкті ұлға, қызғыл, қызғылтты қызға теңейді. 

 

Одан бөлек, Қазақстан  КСРО құрамында болды. Ол уақытта баланы перзентханадан алғанда, қыз балаға қызыл, ұл балаға көк лента тағатын. Бұл үрдіс бізде әлі де бар. 

 

Осы тұста КСРО мен Батыс ықпалынан бұрын қазақ танымыда не болды? деген заңдыы сұрақ туындайды. 

 

Бұрындары қазақтар киім аларда жынысқа емес, байлығын, қалтасының қалыңдығына қараған. Қалтасы қалыңдар көбіне алқызыл, қызылкүрең, қоңыр қызғылт, яғни ашық түсті киім киген. Мысалы, Бөкей Ордасының ханы Жәңгір хан жасыл, күлгін және алқызыл түстес киім кигенді жақсы көрген — сол кездің «моднигі» :) 

 

Ал тұрмысы төмендердің киім-кешегі әдетте ақ, қара немесе қоңыр, бір түсті болған. 

 


05/03/2022 11:08 3411 0
Автор: masa.media

Редактор: masa.media

05/03/2022
11:08 3411 0

Поделиться

Нет комментариев.

Уведомление